АСТАНА, 19 шілде — Sputnik. Танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасы барша қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды. Еліміздің көгінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері небәрі 25 жас 36 күн ғұмыр кешкен.
Болашақ чемпион Алматыда дүниеге келіп, өмірінің басым бөлігін мұз айдынында өткізді. Мәнерлеп сырғанаумен денсаулық тобында айналыса бастаған.
"Биыл Астана жиырма жылдығын тойлап жатыр, біз құрдаспыз, мен де биыл мұз айдынындағы 20 жылдығымды атап өтемін", – деген еді Денис Астанада 9 маусымда "Барыс Арена" мұз айдынында өткен "Денис және достары" атты кешінде.
Денис сонау Корей империясы генералы Мин Гын Хоның ұрпағы, ақсүйектер әулетінен шыққаны үнемі сезіліп тұратын. "Сыпайы әрі кішіпейіл" — қазақстандық спортшыға әріптестері, БАҚ өкілдері мен жанкүйерлері дәл осындай мінездеме беретін еді.
Екі жыл өткен соң Мәскеуде Ресей кубогында бірінші орын иеленеді. Сол маусымда Денис төрт құрлық чемпионатында алғаш рет өнер көрсетіп, тоғызыншы орынға табан тіреді. Бір жылдан соң, 2009 жылы Лос-Анджелестегі әлем чемпионатында биік шыңнан көрініп, спортшы тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет Ванкувердегі Олимпиада ойындарына жолдама алған.
2010 жылғы Қысқы Олимпиадада ерлер арасындағы біріншіліктің ең жас қатысушысы бола тұра, 11-орынға ие болды. Сол жылы жаңа бапкері Фрэнк Кэроллдың жетекшілігімен жаттығу үшін Лос-Анджелес қаласына көшті.
2011 жылы ақпанда Алматыда өткен Азиадада Денис алтын жүлдегер атанды. Сол жылы Франциядағы әлем чемпионатында екі бағдарлама қорытындысы бойынша өз рекордын жаңартып 229,70 балл жинап, жетінші орын алды. 2013 жылы Канададағы әлем чемпионатында Тен Қазақстан қоржынына күміс жүлде салып, әлем біріншілігінде мәнерлеп сырғанаудан медаль ұтқан алғашқы спортшы болды.
Теннің еңбекқорлығы, дарыны мен шеберлігін шыңдауға деген ұмтылысына КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері Татьяна Тарасова да тәнті болатын. Осы қасиетінің арқасында Денис 2013 жылы Сочидегі Олимпиадада қола жүлде иеленді. Сол кезде 20 жасар Тенге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілген.
Димаш Құдайберген Денис Теннің отбасына көңіл айтты
Денис мәнерлеп сырғанаудан бөлек басқа да спорт түрлері — теннис, акробатика, тхэквондо, карате, жүзумен айналысып, би және бейнелеу өнері мектептеріне барған.
Тен шығармашылық бастауының арқасында Қазақстанға әлемге әйгілі спортшыларды шақырып, жоғары деңгейде мәнерлеп сырғанау шоуын ұйымдастыра білді. Денистің Алматы мен Астанада өткен әр кешінде ине шаншар орын қалмайтын.
"Шағын шоу-бағдарлама әзірлеп, Қазақстанның бүкіл тұрғындарына көрсетуді армандаймын. Барша қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың көркемдігін тамашаласа деймін", – деп Денис Астанадағы кештен соң арманымен бөліскен еді.
Астананың жиырма жылдығына арналған "Денис және достары" атты соңғы шоуында Тен мұз айдынының басты жұлдызы ғана емес, қоюшы режиссері, музыкалық композицияның авторы әрі видеографы болды.
Тен фотография өнеріне де қызығушылық танытатын. Танымал актрисалар, спортшылар мен әншілер Денис түсірген фотосессияларда модель болған.
Спорт жұлдызы қоғамдық өмірге де белсенді араласты. Әлемнің түпкір-түпкірінде табынушылар көп Тен дарынымен барша халықтарды біріктіре білді. 2015 жылы Жапония мен Қазақстан достығының символы атанған.
Отбасының сүйіспеншілігіне, жанкүйерлерінің ыстық ықыласына, әріптестерінің сый-құрметіне бөленген Денис Тен өзін бақытты жанмын деп атайтын.
"Өмірді шын сүйем. Ата-анамды жақсы көремін. Адамдарды жақсы көремін. Сүйгенді жақсы көремін. Сонымен бөліскім келеді. Яғни, өзім емес, сомдаған кейіпкерім арқылы бөліссем деймін. Жиырма бес жаста әлемге басқаша қарайды екенсің", – деп жазды қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 13 маусымдағы соңғы туған күнінде.