АСТАНА, 19 шілде — Sputnik. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Денис Теннің қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасына көңіл айтты.
"Қазақстанның белгілі спортшысы, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Юрьевич Теннің қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Орны толмас қазаға байланысты көңіл айтамын", — делінген жеделхатта.
Денис Тен мәнерлеп сырғанаудың отандық мектебін қалыптастыруға және дамытуға, Қазақстан спортын жоғары деңгейде ілгерілетуге зор үлес қосты. Оның жарқын жетістіктері еліміздің абыройын асқақтатып, жастар арасында спортты дәріптеуге септігін тигізді.
"Таланты әлемнің көптеген елдерінде мойындалған Денис даңқты спортшы ғана емес, сондай-ақ бітімі ерекше тұлға, Қазақстанның нағыз патриоты еді. Денис Юрьевич Теннің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады", – делінген жеделхатта.
Бүгін күндіз Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге шабуыл жасалды. Автокөлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлерді тоқтатпақ болған спортшы пышақ жарақатын алған еді. Спортшы ауруханаға өте ауыр хәлде жеткізілді. Бірнеше сағаттан кейін Денис Тен ауруханада көз жұмды.
"Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Спортшыға шабуыл жасаған екі адамды полиция іздеп жатыр.