АСТАНА, 16 шілде – Sputnik. Астанада Нұра-Есіл арнасына кілем жууға барған 43 жастағы әйел мен оның екі қызы суға батып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, қайғылы оқиға 14 шілде күні түскі сағат 15:28-де болған.
"ТЖК орталық өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағының құтқарушылары қаза тапқандардың денесін судан шығарды. Оқиға Нұра-Есіл арнасында қала маңындағы тұрғын үй алабында болған. Үш адам кілем жуып жатып, абайсызда суға батып кетті. Олар: 1975 жылы туған әйел және оның 2006, 2007 жылғы екі қызы", — деді Иманқұлов.
Ол аталған орын кілем жууға арналмағанын атап өтті.
Екі қызды құтқарып, суға кеткен ер адамның әйелі сұқбат берді
ТЖК ақпаратына сүйенсек, өткен аптада Қазақстанның су қоймаларында 46 адам суға батып кеткен, оның 11-і – бала.
"Құтқарушылар жергілікті полиция қызметімен бірге профилактикалық, рейдтік шаралар жүргізуде. Өкінішке қарай, біздің ескертуімізге көбісі құлақ аспайды. Өлімнің негізгі себебі – өз күшін асыра бағалау, қатты ағыс, аяқ-қол сіңірінің тартылуы. Жыл басынан бері осындай 123 факті тіркелді, олардың 36-сы бала", — деді ресми өкіл.