АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Ресейдің Қазан қаласына футболдан әлем чемпионатына бара жатып қаза тапқан қазақстандық блогердің өліміне қатысты істе жаңа деректер шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
6 шілде күні үш қазақстандық жол апатынан көз жұмды. Сұңқар Килаж, 55 жастағы әкесі және оның немере інісі отырған жеңіл автокөлік жүк көлігімен соқтығысқан. Үшеуі де алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты.
Өткен сенбіде қазақстандықтардың денесі туған елге жеткізілді.
РФ ішкі істер министрлігі Ашинский ауданы бойынша бөлім бастығының орынбасары аталған фактіге қатысты процессуалды тексеріс бастаған еді. Кейін қылмыстық іс қозғамау туралы шешім қабылданды.
19 жастағы Сұңқар Килаж туысқандарымен бірге Бразилия-Бельгия матчын көруге бара жатқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, Килаж отырған автокөлік қарама-қарсы бетке шығып кетіп, жүк көлігімен соқтығысқан, кейін өртене батаған.
Трагедия алдында Килаж еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарының бірі – Назарбаев университетіне оқуға түсті. Ол танымал блогер болатын, YouTube-те "Stence Show" атты арнасы бар еді, онда компьютер ойындарының видео талдауын жариялап отыратын.