АСТАНА, 12 шілде – Sputnik, Нұргүл Абай. Қытайда қысым көрген қазақтардың жағдайы туралы дабыл қағылғалы екі жылға жуықтап қалды. Атажұртқа қоныс аударған қаншама отбасы екіге бөлініп, бір-бірінен жырақта өмір сүріп жатыр. Қаншама бала әкесін, енді бірі анасын жылдап көрмей, тірідей жетім атанды. Sputnik Қазақстан тілшісі Қытайда қуғынға ұшыраған қандастарымыздың жағдайы, оларды елге қайтару мәселесі қалай шешіліп жатқанын білу үшін "Атажұрт ерікті жастары" бірлестігінің белсенді мүшесі, осы істің басы-қасында жүрген Серікжан Біләш пен белгілі заңгер, адвокат Абзал Құспанды әңгімеге тартты.
"Халықаралық БАҚ-тың назары қатты ауып отыр"
Серікжан Біләштің айтуынша, "Атажұрт ерікті жастары" ұйымына түскен арыздың ұзын ырғасы 5 мыңнан асып кеткен болуы мүмкін. Оларды санап үлгермейміз, себебі әр арызды құзырлы мекемелерге жолдап отырамыз, дейді ол.
"Қытайдан келген малшылар мен диқандар Қазақстандағы кирилл жазуын білмейді. Сондықтан біз оларға арыз-шағым жазуға шама-шарқымызға көмектесіп жатырмыз. Қытайда туыстары, әкесі, анасы қалған бауырларымыздың басын қосып, он шақты дөңгелек үстел, баспасөз мәслихаттарын өткіздік", — деп атап өтті белсенді.
Соңғы рет 31 мамыр күні Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйінде 60-қа жуық баланы аналарымен бірге жинап, дөңгелек үстел өткізген. Олардың әкелері алды 20, 12, 14, 8 ай қамауда отыр екен.
"Әкелерінің суретін балаларына ұстатқызып, қамалған уақытын жазып көрсеттік. Бұл енді бүкіл халықаралық ақпарат құралдарын дүр сілкіндірген оқиға болды. Бір қызығы, осыған дейін жекелеген сайттар, коммерциялық телеарналар осы мәселені көтергенде, ұлттық арна үнсіз қалып еді. Дәл осы оқиғада "Қазақстан" ұлттық арнасы келіп, бізден сұқбат алып айтты. Қытайда қысым көрген қазақтардың мәселесіне отандық БАҚ-тың назары жаман емес. Бірақ жасыратын несі бар, бізге қазір халықаралық БАҚ-тың назары қатты ауып отыр. Бір тек менімен хабарласқан шетелдік ірі басылымдар журналистерінің саны жиырмадан асады", — деді Біләш.
Қытайдағы бауырларымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген халықаралық басылымдар қатарында The New York Times, The Washington Post, Associated Press бар екен.
"Саяси үйрену" лагері деген не?
Серікжан Біләштің айтуына қарағанда, Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары "саяси үйрену" концлагерлерін халықтың кәсіби біліктілігін жетілдіру үшін ашылған орталық ретінде сипаттайды екен.
Тағы оқыңыз: Қазақстан Қытайдан алған сыртқы қарызын өтеді ме?
"Үйрену деген ерікті түрде болуы керек қой. Бұл жерде ол зорлықпен және тұтасымен темір тордың ар жағында. Ғимараттар – кәдімгі түрме. Ол жақта адамға күн көрсетпейді. Ондағы мақсат мұсылмандарды биологиялық геноцидтік тұрғыдан жойып, ол жерде тек қана қытайлардың билігін жүргізу. Яғни Қытайдың отыз өлкесі сияқты діни тұрғыдан, нәсілдік тұрғыдан айырмасы жоқ тап-таза Қытай жасау үшін істеп отырған саясат", — дейді ашынып ол.
Оның сөзіне сенсек, қазір Қытайдан Қазақстанға келетін көш 99,9 процентке тоқтаған.
"Бұл жерде екі құбылыс бар. Біздің көші-қон комитеті «көші-қон тоқтаған жоқ, биыл азаматтық алуға осыншама оралман өтініш берді» деп жоғары жаққа жалаң статистика өткізуі мүмкін. Алайда биыл да, былтыр да Қазақстан азаматтығына тапсырып жатқан қазақтар елімізге бұрын келіп алған, ықтиярхатпен, визамен жүрген қазақтар. Олар Қытайда осындай саясат басталғаннан кейін ықтиярхатпен немесе визамен жүргенде Қытай шақыртқан жағдайда, ол жақта тұтқындалатынын білді де, жапатармағай азаматтыққа өтті. Шын мәнінде ол биылғы көші-қонның тоқтамағандығының белгісі емес. Керісінше, былтырдан бастап Қытайдан келетін көш жүз пайыз тоқтады деуге болады. Санаулы адамдар ғана келіп-кетіп жүр", —дейді белсенді.
Бірлестік мүшесі Қытайда қамауда отырған күйеуін сарыла күтіп жүрген Үмітхан апайдың оқиғасын айтып берді.
"Ол әйелге біз қыста барған едік. Алматы облысы Талдықорған қаласының іргесіндегі Қарабұлақ кентінде тұрады. Үмітхан және үш баласы Қазақстан азаматы. 2008 жылы елге оралып, Қазақстан азаматтығын алған. Жұбайы да – Қазақстан азаматы. Бірде Қытайға барғанда күйеуін Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық облысы Тарбағатай аймағының жергілікті полициясы ұстап алған. Оны күштеп "мен Қазақстан азаматтығынан бас тартамын" деп жаздырып, қол қойдырып алған. Ақылға сыймайтыны, елуден асқан еркек Қазақстан азаматтығынан бас тартамын деп неге жазсын?!. Қытайда жері де, үйі де жоқ, әйелі мен үш баласы Қазақстан азаматы. Былтыр 5 наурызда ұсталған, он алты айдан асты міне. Мұнымен қоймай, қытайлар Қазақстандағы әйелін бопсалап, қорқытып шақыртып алып, "күйеуіммен ажырасамын" деген қағазға қол қойғызған", — деп баяндап берді Біләш.
Ал белгілі заңгер Абзал Құспанның айтуынша, Human Rights Watch ұйымының дерегі бойынша Қытайда 500 мыңдай қазақ ешбір дәлел-дәйексіз түрмеде отыр.
"Оларға ешқандай айып тағылмайды, бар болғаны саяси үйретеміз деп алып кетеді. Ал ол жердегі жағдай түрмеден де жаман. Қытайша гимн үйретуден бастайды да, ислам дінімен байланысты барлық дүниеден бас тартқызады. Кезінде ұйғырлардың тарапынан бірнеше сепаратистік ұйымдар болды, бірнеше рет жарылыс жасады. Содан кейін бақылау күшейді. Бірақ қазақтардың қатысқандығы туралы бірде-бір факті жоқ. Халықаралық ұйымдар да Қытайға сұрату жасады. Алайда олар қазақтардың қандай да бір террористік ұйымдарға қатысы бары туралы ешқандай мәлімет бере алмады. Соған қарамастан, кім намаз оқиды, кім аузына "Алла" сөзін алады, бәрін қамап жатыр. Көп жағдайда себепсіз қамалып жатыр", — деді ол.
Тағы оқыңыз: Назарбаев өзін Қытайда кім деп атайтынын біліп қалды
"Молдалардың өзі "саяси дұға жаса жасамаймыз" деп ат-тонын ала қашады"
"Атажұрт ерікті жастары" бірлестігі шама-шарқынша асыраушысыз қалған отбасыларға ас-суын тасып, қол ұшын созып жүр. Десе де, бәріне бірдей көмектесу мүмкін емес дейді.
"Қыстай көмір тасып, азық-түлік апарып, бағып отырғандардың саны жүзден асады. Кейін қаражатымыз жетпей қалды да, кәсіпкер азаматтардың мойнына ілдік. Себебі ешқайсысы Қазақстаннан ешқандай әлеуметтік көмек алмайды. Оларға көмектесіп жатқан қорлар да жоқ. Бәрі асыраушысыз, балалары кішкентай, оларды қараусыз қалдыруға болмайды. Әйелдердің дені осы себептен де жұмыс істей алмай отыр. Біздің қоғам осы мәселеде адамның ақылы жетпейтін безбүйректік танытып отыр. Негізінде "Нұр Отан" немесе әкімшілік аудан-ауылдарды аралап, оралмандардың бәрін сүзгіден өткізіп, мемлекетке статистика беруі керек қой. Ол біз сияқты еріктілер ұйымның міндеті емес еді ғой. Бірақ бәрі қол қусырып отыр", — дейді Серікжан Біләш.
Айтуынша, тіпті қиындық көріп жүрген отбасыларға көмек сұрап, молда-имамдарға жүгінгенде, олардың өзі "саясатқа араласпаймыз" деп бастарын ала қашқан көрінеді.
"Үлкен кәсіпкерлер біздің атымызды естігеннен қашып кетеді. Ол түгіл молдалардың өзі "біз саяси іске араласпаймыз, саяси дұға жасамаймыз, шетелдің ісіне араласпаймыз" деп ат-тонын ала қашады. Осындай қанша молданы білемін, керек десең тізіп бере аламын. Молда-имамдардың өзі қорқып жүргенде, әкімшіліктегілерге кінә арту қиындау ғой", — деп күйінді ол.
Тағы оқыңыз: Қытайдағы үйін сатуға кеткен қандасымыздың басы бәлеге қалды
Нәтиже де жоқ емес...
Қытайдағы бауырлардың мәселесін көтеріп жүрген белсенді азаматтардың еңбегі нәтижесіз деп айтуға болмайды. Жуырда халықаралық ұйымдардың көмегімен, Сыртқы істер министрлігінің тікелей араласуымен екі қандасымыз елге оралды. Оның бірі Қытайда еш себепсіз қамауда отырған Үйсін Бабан. Қытайға бір шаруаларымен барып, ұсталып қалған. Отбасы, бала-шағасы Қазақстанда, өзі де Қазақстан азаматтығына тапсырып қойған екен. Оған Қазақстан азаматтығы берілгеннен кейін, сыртқы істер министрлігінің араласуымен қазақ азаматы елге оралды.
Атажұртқа оралған тағы бір қандасымыз – Гөзалнұр Жеңісқазықызы. Қытайға кетіп, екі жылдан бері Қазақстанға келе алмай қалған. Қазақстанда күйеуі мен кішкентай екі баласы қалды.
Орынбек Көксебек, Өмірбек Бегәлінің де босап шығуына сыртқы істер министрлігінің көмегі тиген.
"Яғни мүлдем нәтижесіз деп айтуға болмайды", — дейді Абзал Құспан.
Заңгердің айтуынша, қазір Біріккен ұлттыр ұйымына да арыздар жазылып жатыр.
"Жүздеген адамның арызын жинап жатырмыз. Арызды шартты түрде 7 топқа бөліп қойдық. Соның ішінде БҰҰ-ға жазатын арыздарымыз бар. Өйткені Қазақстан да, Қытайда сол ұйымның тұрақты мүшесі. Сондықтан кейбір мәселелерге халықаралық ұйымдарды араластыруды көздеп отырмыз. Оған бүкіл құжатты ағылшын тілінде дайындау керек. Яғни біз қазақша арыз-шағым аламыз, оны ағылшын тіліне аударамыз. Оның бәрін өз ақшамызға істеп жатырмыз, себебі біріншіден, аудармашылардың дені заңдық терминді дұрыс меңгермеген. Екіншіден, жақсы меңгергендерінің өзі өте қымбат сұрайды. Амал жоқ, түрлі жолдарын тауып, аударып жатырмыз", — дейді ол.
Фотодерек: Назарбаев Қытай басшысы Си Цзиньпинге не айтты?
Мұхтар Тілеуберді Қытайдың қазақтарды неге елге жібермей отырғанын айтты
Қытайда Қанат Исламның жекпе-жегін көрген қазақтар түрмеге жабылды