АСТАНА, 10 шілде — Sputnik. Осы жылдың қаңтар-мамырындағы жағдай бойынша қазақстандықтардың орташа айлық еңбекақысы 152,8 мың теңгені құрады. Бұл туралы бүгін ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр Қазақстанда бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша еңбекақы қалыпты қарқынмен өсіп жатқанын атап өтті.
"Осы жылдың қаңтар-мамырындағы орташа айлық еңбекақы 152,8 мың теңгені құрады және нақты мәнде 0,8 процентке өсті. Қаңтар-сәуірде нақты ақшалай кірістер 1,2 процентке өсті", — деді Сүлейменов үкімет отырысында.
Сондай-ақ, ол экономикалық қызметтің барлық дерлік сегментінде оң серпін байқалып отырғанын айтты.
"Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің өсімі 4,1 процентті құрады. Инфляция біртіндеп азайып келе жатыр және соңғы үш жылдағы ең төмен мәнге жетті. Жыл басынан бері ол 2,6 процентті құрады, ал жылдық инфляция – 5,9%. Инфляцияның барлық компоненті бойынша баға өсімі бәсеңдегені байқалады", — деді министр.
Депутаттар өз жалақысын қарапайым халықтың табысымен теңестіруді ұсынды
"Биыл 1 маусымындағы жағдай бойынша елдің халықаралық резервтері 0,9%-ке ұлғайып, 89,9 миллиард АҚШ долларына дейін жетті. Ұлттық қордың активтері 1,5 процентке өсті", — деп түйіндеді Сүлейменов.