АСТАНА, 6 шілде – Sputnik. Ақтөбеде бір сағаттың ішінде 500 дәрігер 4 мың тұрғынның артериялық қысымын өлшеді. Рекордтық акцияны ұйымдастырушылар Гиннестің рекордтар кітабына кіруді көздеп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылар Астананың 20 жылдығына арналған акцияны облыстағы медицина жұртшылығы үшін тарихи оқиға деп атады және Гиннестің рекордтар кітабына кіруге ниетті.
Ауқымды шара 5 шілде "Денсаулық саябағында" өткен. 500 дәрігер бірден 18 бен 60 жас аралығындағы 4 мың адамның артериялық қысымын өлшеп, оларды алынған деректермен таныстырды және соған сәйкес кеңес берді. Қалалықтармен бірге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қысымын өлшетті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған оқиғаны Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге өтініш берген. Артериялық қысымды өлшеудің қазіргі әлемдік рекорды Үндістанға тиесілі екен. Ол жақта 2015 жылы бір сағатта 3 600 адам қысымын өлшеген.
"Шараның басты мақсаты – жаңа рекорд орнату емес. Ең бастысы, ел назарын жүрек пен қан тамырлары ауруларының кең таралған түрі – артериялық гипертония мәселесіне аудару. Бұл аурумен ересек тұрғындардың 50%-ға жуығы ауырады және ол уақыт өткен сайын "жасарып" барады. Медицина қызметкерлері гипертонияны өзара "ақырын өлтіретін қанішер" деп атайды. Өйткені сырқаттың белгілері білінбеуі мүмкін", — делінген баспасөз қызметі хабарламасында.