АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Алматыда "Наурыз-2018" мейрамы аясында ең ұзын "құрақ көрпе" тігіледі.
Атаулы шара "Наурыз-2018" мерекесіне орай 22 наурызда басталып, Алматының "Қала күнінде", яғни қыркүйекте аяқталады. Жобаны жүзеге асыру үшін қаланың 25 кітапханасында көрпе элементтері қабылданады.
"Құрақ көрпенің" әр бөлшегі отанымыздың саналуандығын: даласын, тауы мен өзенін көрсетеді, ал басты символ – халықтың бірлігі. Қазақстанда 130-дан астам ұлт тұрады. Көрпе құрақтары тұтас жамылғыға айналып, еліміздің тұтастығын паш етеді", — деді Алматы қаласының мәдениет және мұрағаттар басқармасы.
Айта кетсек, мұның алдындағы рекорд 2000 жылы Португалияның Порто қаласында орнатылған еді. Ол кезде ауданы 25100 шаршы метр "Manta da Cultura" көрпесі тігілді.
Сонымен қатар, "MacTea" компаниясы да 22 наурыз күні Жібек жолы көшесінде бұрын-соңды болмаған шай ішу шарасын өткізуді жоспарлап отыр. Олар сыйымдылығы 2 000 литр болатын үлкен шәйнектен Алматы тұрғындары мен қонақтарына шай ұсынады. Осылайша шараны ұйымдастырушылар 20 мыңнан астам адамға шай бермек.
Сондай-ақ бұл күндері Алматыға 12 елдің өкілдері жиналады: Иран, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Ирак, Түрікменстан және басқалары.
Алматы тұрғындары мен қонақтары "Наурыз-2018" мерекесін бір ай бойы, яғни наурыз бен сәуір айларында тойлайды.