АСТАНА, 2 шілде — Sputnik. Белгілі әнші Роза Рымбаева соңғы бес жылда үкіметтік концерттерге шақырылмай жүргенін мәлім еткен еді. Мәдениет және спорт министрлігі "Қазақконцерт" мемлекеттік ұйымының штаттағы әншісінің осы сөзіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Кеңестік және қазақ эстрада әншісі, профессор, актриса, Қазақстанның халық әртісі, халықаралық конкурстардың лауреаты, құрмет және парасат ордендері мен марапаттың иегері Роза Қуанышқызы Рымбаева мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен және ұйымдастыруымен өткен іс-шараларға жиі қатысып, өз өнерімен халықтың қошеметіне бөленіп жүр деп толықтай айтуға негіз бар. Мемлекеттік іс-шараларда, атап айтқанда, "Евразия" одағының ашылуына орай өткен гала-концертте Ресейдің халық әртісі Иосиф Кобзонмен бірігіп дуэт орындады және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған концертте Қазақстанның халық әртісі Әлібек Дінішев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Тілеуханмен бірге бірігіп сахнада өнер көрсетті", — дейді министрліктің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Роза Рымбаева "Қазақконцерт" мемлекеттік ұйымының атынан 2018 жылдың басынан гастрольдік сапарлармен облыстарды аралаған.
Бұдан бөлек, министрлік халық әртісінің Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 15-16 маусым аралығында өткен "Voice of Astana" халықаралық конкурсы аясында Батырхан Шүкеновті еске алу кешінде өнер көрсеткенін де еске салыпты.
Ал алдағы уақытта Рымбаева Конституция күніне және Тәуелсіздіктің 26 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылатын гала-концертке қатысады деп жоспарланған екен.
"Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Роза Рымбаеваның өнеріне ерекше қарап, репертуарындағы көптеген әндерін сүйіп тыңдайды. Сонымен бірге, алдағы уақытта да киелі қазақ сахнасының төрінде Роза Қуанышқызының өнерін тамашалығысы келетінін және қазақтың өнерін әлемге танытқан әншіге тек қана шығармашылық шабыт пен табыстар тілейтінін жеткізді", — деп атап өтті баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Роза Рымбаева Астананың 20 жылдығы мерейтойына арналған концерттік бағдарламалардан неге көрінбей жүргенін түсіндірген болатын.
"Кейінгі бес жылда мен мәдениет министрлігінің, президенттік аппараттың бірде-бір концертінде жоқпын. Мені шақырады, кейін қоңырау соғып, сізді бағдарламадан алып тастадық деп айтады. Осы жолы да тура солай болды. "А+" компаниясы Нағима Есқалиева екеумізді әуелі бағдарламаға қосып, ертесіне хабарласып, алып тастадық деді. Не үшін, не себептен екенін айтпайды", — дейді әнші.
Рымбаева мерекелік бағдарламаларға неге шақырылмай жүргенін ұйымдастырушылардың өзінен сұрауды ұсынған еді.
Сенбеңіздер, мен тірімін: Димаш өзінің өліміне қатысты ақпаратты жоққа шығарды>>
Баян Алагөзова: Мөлдіржан, мүмкін қалай болғанын көзіме қарап айтарсың?>>