АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Қостанай облысындағы Затобол елді мекенінің тұрғынына қатысты іс сотта қаралды. Әйел бұрынғы күйеуімен жанжалдасып қалып, оны соққыға жыққан, деп хабарлады alau.kz.
Әйел сот отырысында жәбірленушімен ажырасып кеткенін айтты. Олардың екі жастағы баласы бар. Кінәсін мойындаған жоқ. Айтуынша, бұрынғы күйеуі жала жапқан. Онымен татуласқысы келмейді.
"Жәбірленуші сотқа бұрынғы әйелімен балаға байланысты жанжалдасып қала беретінін айтты. Әйел алиментті аз бересің деп, баласын көрсетпей қойған. Ол қамқоршылық органынан көмек сұраған. Оған баламен бірге болатын уақытты белгілеп берген. Баламен қарым-қатынас жасау тәртібі реттелгеніне қарамастан, 27 мамыр күні олардың арасында жанжал шыққан", — деп хабарлады облыстық сот.
Сот тараптарды, адвокатты тыңдап, ұсынылған іс материалдары мен айғақтарды қарап шығып, істің барлық жай-жапсарын ескерді.
Қостанай аудандық сотының қаулысымен әйел 15АЕК (34035 теңге) көлемінде айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.