АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында кино саласындағы жаңалықтарға тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мұхамедұилы министрліктің саясаты толығымен ел тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі, заманауи жетістіктері, тарихи тұлғалары мен "қазіргі заманның батырлары" туралы фильмдер түсіруге бағытталғанын атап өтті.
"Ресеймен бірлесіп түсірген "28 панфиловшылар" картинасын, "Алмас Қылыш", "Құнанбай", "Аманат", "Анаға апарар жол" фильмдері өнеріміздің классикалық туындысына айналды. Режиссер Сәбит Құрманбековтің "Оралман" фильмін де ерекше атап өткім келеді", — деді министр баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол таяуда Қазақстан мен Қытай басшылары қытай сазгері Си Синхай туралы "Композитор" кинокартинасын тамашалағанын мәлімдеді. Аталған фильмді Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген.
"Жыл соңына дейін "Балуан Шолақ" фильмінің, "Күлтегін", "Мұзбалақ" анимациялық картиналары мен тағы басқа туындылардың премьерасы болады деп жоспарлануда", — деді Мұхамедиұлы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, режиссер Ақан Сатаевтың "Томирис" тарихи фильмінің түсірілімі жалғасуда. Түркістанда "Қазақ елі. Алтын тақ" ауқымды киножобасының жалғасы түсіріліп жатыр.
"Жалпы, соңғы үш жылда министрлік 20 көркем, 67 деректі және 4 анимациялық картина шығарды. Ұлттық киноның прокаттағы жалпы үлесі шамамен екі есеге өсті", — деп түйіндеді ол.