АСТАНА, 29 маусым — Sputnik. Алтыншы сайланған ҚР Парламенті үшінші сессияны жабып, депутаттар парламенттік каникулға кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Алтыншы сайланған парламенттің үшінші сессиясы өте маңызды және тарихи кезеңде өтті деуге болады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төраға болды, біздің елімізде бүкіл әлемнің назарын аударған ЭКСПО халықаралық көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге, елордамызда Сирия жағдайы бойынша Астана процесі өтіп, Қазақстанымыз әлемдік деңгейдегі келіссөздер алаңына айналды. Үшінші сессия кезінде елімізде тағы бір тарихи оқиға болды. Президентіміз осы парламентте өзінің бес әлеуметтік бастамасын жариялады. Депутаттар осы бастамаларды заң жағынан қолдауға әрине белсене араласты", — деді бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Үшінші сессияда қос палатаның төрт бірлескен отырысы, мәжілістің 38 және сенаттың 25 жалпы отырысы өткен. Нығматулиннің атап өтуінше, онда 400-ге жуық маңызды мәселелер қаралды.
"Бұл не деген сұмдық". Депутат Қазақстандағы шенеуніктер санын Жапониямен салыстырды>>
Үшінші сессия басталған кезде екі палатаның қарауында 129 заң жобасы болса, бүгін олардың 84-і қабылданған.
Қазіргі уақытта 65 заңға мемлекет басшысы қол қойып, олар өз күшіне енді.