АСТАНА, 27 маусым — Sputnik. Малайзияда смартфонның жарылуы салдарынан Cradle Fund венчурлық компаниясының бас атқарушы директоры Назрин Хассан көз жұмды, деп хабарлайды ferra.ru.
45 жастағы бизнесмен өзінің жатын бөлмесінде телефонды қуаттау құрылғысына қосып, ұйықтап кеткен. Смартфон қатты қызып, жарылған. Гаджеттің сынығы ұйықтап жатқан ер адамның желкесіне тиіпті. Сонымен қатар, жарылыстан матрас жанғаны белгілі болып отыр.
Марқұмның өліміне нақты не себеп болғанын сараптама анықтайды. Болжамдардың бірі бойынша, Хассан басынан жарақат алған. Тағы бір болжам – трагедияға құрылғыдан шыққан түтін себеп болуы мүмкін.
Кәсіпкердің жездесі Хасанның екі смартфоны болғанын айтты: Blackberry және Huawei. Қайсысы жарылғаны әзірге белгісіз.
"Смартфонның қуаттағышы үш баланы әкесінен айыруға себеп болады деп кім ойлаған", — деп қайғырды марқұмның туысы.