АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Жұлдызды жұп пен этнодизайнер арасындағы коттедж төңірегіндегі дау әдейі ұйымдастырылған шу емес. Бұл туралы белгілі продюсер, әнші, кәсіпкер Қыдырәлі Болман айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын жер дауы ушыққанда, Қыдырәлі мен Қарақат "тоқал" әңгімесін ойлап тапқан еді. Болманов жер дауында ел алаңға шықпау үшін "екінші әйел" туралы қауесет таратуға мәжбүр болғанын айтып, ағынан жарылған болатын. Ондағы мақсаты – қоғам назарын жер дауынан тоқал алу мәселесіне аудару болған.
Сол себепті жұлдызды жұп пен белгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзада арасындағы дау да кейбір желі қолданушыларының көкейінде сан түрлі сұрақ туғызғаны жасырын емес. Әлеуметтік желілерде "бұл қашқын банкир Мұхтар Әблязовтің Қазақстанда ұйымдастыруға әрекеттеніп жүрген митингілерінен ел назарын бұру үшін жасалып жатқан кезекті шу болуы мүмкін" деген пікірлер айтылып, жазылды. Алайда Қыдырәлі Болман мұның қолдан ұйымдастырылған шу емес екенін ашық айтты.
"Мен ұлтым үшін, отбасым үшін біраз нәрсеге бара аламын. Маған айғайлай ма, шыңғыра ма, әлеуметтік желіден "бомба" тастай ма, маған бәрібір. Алла өзінің берген абыройын өзі ғана ала алады. Сондықтан маған кім не айтса да, не қылса да, бәрібір. Ол бар ма (абырой – ред.ескертп.), яғни оны Алла берді. Жоқ па, онда Алла бермеді. Бұл жерде екі-ақ мәселе бар…", —деді әнші Sputnik Қазақстан тілшісіне.
"Әдейі ұйымдастырылған шу емес қой, сонда?" деген сауалға "жоқ, әдейі ұйымдастырылған емес" деп нақтылады ол.
Қыдырәлі мен Қарақат Астанада коттеджді тартып алды деп айыпталып жатыр>>
Айта кетсек, танымал қолөнерші Ырза Тұрсынзада Қыдырәлі Болман мен Қарақат Әбілдинаны он жылдан бері жалға алып отырған коттеджін тартып алды деп айыптаған еді. Айтуынша, әншілер "Алтын Орда" халықаралық қолөнершілер академиясының ғимаратын дизайнер іссапармен өңірлерді аралап жүргенде тартып алыпты.
Бүгін Қыдырәлі Болман заңгер Аманбол Әбеуовпен бірге БАҚ өкілдерімен кездесіп, Ырза Тұрсынзаданың айтқандарын жоққа шығарды.
Қыдырәлі Болман Ырза Тұрсынзада 9 жылдай жалға алған коттедж біреудің жеке меншігі емес, коммуналдық нысан екенін мәлімдеді. Әкімшілік балалар мектебіне ыңғайлы орын ретінде ұсынған 17 ғимараттың ішінен таңдап алынған. Онда да дәл сол коттеджді жұлдызды жұп емес, мектеп басшылығы өздері таңдаған.
Болман бір жыл екі ай ішінде Ырза Тұрсынзаданың неге тым құрығанда өздеріне хабарласып, істің ақ-қарасын білуге тырыспағанына аң-таң екен.
"Бір жыл екі айда бір шара қабылдауға болады ғой. Мәселен, бізге неге хабарласпады? Сонда мынадай шу көтеріліп, бәрі оп-оңай шешіле салатын еді. Бұл жерде мен түсіндіре алмайтын түсініксіз, беймәлім бір нәрсе бар… Әжесіндей адаммен сөз таластырып, немесе тіресу ер-азаматқа жараспайтын дүние. Қанша жыл ел алдында жүрмін, ондайға ешқашан барған емспін. Бірақ, бүгін БАҚ өкілдерімен кездесуге тура келді. Неге? Өйткені ол кісінің Қарақаттың арына тигізіп айтқан сөздері мені осыған мәжбүр қылды", — деп ағынан жарылды Болман.
Болманов: елімізде қамшымен сабағаннан басқа да проблема көп>>