АСТАНА, 20 маусым – Sputnik. Астаналық полицейлер Қызылорда облысы ІІД қызметкерлерімен бірлесіп, екі апта бұрын жоғалып кеткен оқушыны іздеп тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан елорда ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Астанада 13 жастағы қыздың жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Соңғы рет оқушыны 7 маусым күні Алматы көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің маңынан көрген. 8 маусымда қыздың әкесі полицияға жүгініп, іздеу шаралары сол күні-ақ басталған еді.
Бүгін Астана ішкі істер департаменті қыздың табылғанын хабарлады.
"Жүргізілген іздеу шаралары нәтижесінде елордалық полиция қызметкерлері Қызылорда облысы ІІД-мен бірлесіп, кәмелетке толмаған қыздың тұрғылықты жерін анықтады. Қыз аман, жағдайы жақсы", — делінген хабарламада.