Қоғам

Астанада "жедел жәрдем" көліктері сиренаны не үшін қосып жүргені анықталды

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуЖедел жәрдем, архивтегі фото
Жедел жәрдем, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жедел медициналық жәрдем стансасының бас дәрігерінің айтуынша, көліктің түсі өзгеріп, дабылды сирена қосылғалы бері жүргізушілер жол беретін болған

АСТАНА, 6 маусым — Sputnik. Астанада жедел жәрдем көліктері күн сайын сағат 08.00 мен 23.00 аралығында шақыртуға бара жатқан және науқастарды тасымалдау кезінде дабылды сиренаны қосып жүретін болады. Сондай-ақ елімізде қабылданған жаңа стандартқа сәйкес жедел жәрдем көліктерінің түсі сарыға боялады, деп хабарлады Елорда Инфо.

Кісен - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Жедел жәрдем қызметкерімен жанжалдасқан жүргізуші қамауға алынды

Жедел жәрдем көліктерінің дыбыстық дабылы мен түсіне қатысты енгізілген бұл өзгерістер туралы Астана қаласының жедел медициналық жәрдем стансасының бас дәрігері Тимур Мұратов журналистермен болған баспасөз мәслихатында айтты.

"Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігімен талдау жүргізіліп, әлемдік тәжірибе зерттелді. Соның ішінде  жедел жәрдем қызметі жақсы ұйымдастырылған ең үздік мемлекеттердің тәжірибесі негізге алынды. Соның негізінде министрлік жедел жәрдем көліктерінің түсі мен дабылды ескерткіші туралы стандарт қабылдады", — деді ол. 

Жаңа стандартқа сәйкес, жедел жәрдем көліктерінің түсі, яғни бояу стандарты өзгертілді.

"Тәжірибе көрсетіп отырғандай, шұғыл қызмет көліктері, соның ішінде жедел жәрдем көліктері үнемі қозғалыста болады. Ауа-райына қарамастан, көлік кептелісі сынды түрлі кедергілерден өтуіне тура келеді. Белгіленген жерге жету уақытын жақсарту, біздің жағдайымызда адамдардың өмірін сақтау үшін сары немесе лимон реңкті түс ең байқалатын түс екені дәлелденді. Кейде жаңбыр жауып, тұман түсетін кездер болады. Жылдың 7-8 айында қар жатады. Біздің ақ түсті көліктеріміз ақ түспен араласып, байқалмай қалады. Бұл жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілеріне ыңғайсыздық туындатты", — деді Тимур Мұратов.

Оның айтуынша, көліктердің түсі өзгергелі бері жүргізушілер жедел жәрдемге жол беретін болды.

"Қазіргі күні жаңа стандартқа көшкелі бері жүргізушілердің өзі қала көшелерінде жүру жеңілдегенін айтып отыр. Жүргізушілер көліктерімізді алыстан байқап, жол беретін болды", — деді бас дәрігер.

Дауыл - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Астанадағы дауылдан кейін 13 адам жедел жәрдем қызметіне жүгінді

Сондай-ақ аталған стандартқа сәйкес жедел жәрдем көліктерінің дыбыстық дабылы да күшейтілді. Бұған дейін жедел жәрдем жүргізушілері дабылды өз еріктеріне қарай қосып келген. Енді олар күн сайын таңертең 08.00 мен 23.00 аралығында шақыртуға бара жатқан және науқастарды тасымалдау кезінде дыбыстық дабылды қосып жүретін болады. Ал одан тыс уақытта, яғни, түнгі 23.00 мен таңғы 08.00 аралығында тек жарықты дабылмен жүретін болады.

"Қазіргі күні қала тұрғындары түсін өзгертіп, дабылын қатты қосып жүретін болды деп түсінбеуі мүмкін. Біздің негізгі мақсатымыз – науқасқа тезірек жетіп, өмірін құтқарып қалу.  Көліктің түсі өзгергеннен бері көпшілік жол беретін болды. Бұл өзгерістің енгізілгеніне бір ай болды. Өзгеріс сезіліп жатыр", — деді жедел жәрдем жетекшісі.

Айта кетейік, бүгінгі күні Астана қаласының жедел медициналық жәрдем стансасында 101 көлік бар. Қазір оның 10-ы сары түске боялып, дыбыстық дабыл құралы күшейтілді. Бас дәрігер жыл соңына дейін қалған көліктердің түсі жаңа стандартқа сәйкес өзгертіледі деп отыр.  


Жаңалықтар
0