АСТАНА, 27 мая — Sputnik. KAZ Minerals Bozymchak бас директоры Ілияс Түлекеев Қырғызстанның елордасы Бішкек қаласында ұсталды. Ақпаратты Sputnik Қазақстанға компанияның корпоративті байланыстар департаменті растады.
"Ұсталғанын растаймыз. Менің білуімше, бұл оқиға Бішкекте, әуежайда болған. Қайда ұшпақ болғаны белгісіз. Не үшін айыпталып жатқанын білу үшін алдын ала мәлімет күтіп отырмыз. Тұтқындаған экономикалық қылмыспен байланысты уәкілетті орган болса керек", — деді KAZ Minerals байланыс департаментінің өкілі Мақсұт Жапабаев.
Қырғызстандық Kaktus.media порталының жеке дереккөздерінің ақпаратынша, алдын ала мәлімет бойынша, Ілияс Түлекеев Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің "Коммерциялық немесе өзге де ұйымдар қызметкерлерінің өкілеттігін асыра пайдалану" бабы бойынша күдікке ілінген.
Қырғызстанның уәкілетті органдары әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Бозымчак — KAZ Minerals компаниясы игеріп жатқан Қырғызстанның оңтүстік батысындағы мыс кен орны.