АСТАНА, 25 мамыр – Sputnik. Каспий төңірегіндегі елдер Қазақстанда болатын Каспий мәртебесі бойынша мемлекет басшылары саммитінің саяси құжатының жобасын мақұлдады, деп хабарлады Әзербайжан СІМ баспасөз қызметі РИА Новости агенттігіне.
Астанада 21-24 мамырда Каспий төңірегіндегі елдердің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция құру бойынша Арнайы жұмыс тобының 51-ші отырысы өтті. Келіссөздерге Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан делегациялары қатысты. Отырыс биыл Қазақстанда болатын Бесінші Каспий саммитіне дайындыққа арналған. Бұдан бұрын мемлекеттік хатшы, РФ сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин хабарлағандай, Каспий төңірегіндегі елдер басшыларының кезекті саммиті биыл тамыз айына жоспарланған.
"Отырыста тараптар бастапқы күн тәртібі мен алдағы жоғары деңгейлі кездесудің саяси құжаты жобасын мақұлдап, бес жақты салалық құжаттар жобасын әзірлеу және оларды Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенциямен қатар Бесінші Каспий саммиті аясында қол қоюға дайындау бойынша жұмыс барысын талқылады", — деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосы.
Каспий теңізінің мәртебесін анықтау мәселесі КСРО құлағаннан кейін туындаған болатын.