АСТАНА, 21 мамыр – Sputnik. Қазақстан өңірлері арасында бала туу көрсеткіші жағынан Маңғыстау облысы алға шықты. Ең төмен көрсеткіш солтүстік облыстарда тіркеліп отыр, деп хабарлайды ҰЭМ статистика комитеті.
"Қазақстан өңірлері ішінде туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында (1000 тұрғынға шаққанда 29,74 сәби), Астанада (28,23) және Оңтүстік Қазақстан облысында (27,20) байқалды. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (13,17), Павлодар (15,91) және Шығыс Қазақстан (15,98) облыстарында көрініс тапты", — делінген сайтта жарияланған хабарламада.
Өткен жылы ҚР АХАТ органдары 390 262 жаңа туған нәрестені тіркеді, соның ішінде қалаларда – 226 847 адам, ауылдық елді мекендерде – 163 415 адам. Сәбилердің 51,7%-ы (201 756) – ер бала, 48,3%-ы (188 506) – қыз. 2007 жылмен салыстырғанда сәбилер саны 21,2%-ға (ұл балалар – 21,7%, қыз балалар – 20,5%), қалаларда – 30,1%, ауылдық мекендерде – 10,7%-ға артты.
Сондай-ақ, туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2017 жылы 21,64 сәбиді құрады. Қалаларда – 21,94 (2007ж. – 21,27), ауылдық елді мекендерде – 21,22 (2007ж. – 20,25).
Репродуктивті кезеңде (15-49 жас) бір әйелдің орта есеппен алғанда дүниеге әкелген балаларының санын көрсететін туудың жиынтық коэффициенті (ТЖК) былтыр республика бойынша 2,73 құрады және 10 жыл ішінде 10,5%-ға өсті. Тиісінше қалаларда – 2,57 және 8,4%, ауылдарда – 3,00 және 14,5%.
Қазақстан өңірлері арасында ең жоғары ТЖК Маңғыстау (3,78), Оңтүстік Қазақстан (3,62) облыстарында, ал ең төмен деңгей Алматы қаласы (1,67) мен Қостанай (1,73) облысында байқалды.
2017 жылы әйелдердің бала туу кезіндегі орташа жасы 28,5 жас (2007ж. – 28,0) болды. Қалаларда – 28,7 (2007ж. — 27,8), ауылдарда – 28,2 (2007ж. – 28,3) құрады.
Қазақстанның біраз облысында бала туу кезіндегі әйелдердің орташа жасы республикалық деңгейден жоғары болды. Алматы қаласында 29,6 жасты, Астанада 29,4 жасты құрады.