АСТАНА, 17 желтоқсан – Sputnik. 2018 жылы Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығы. Осы 20 жыл аралығында бас қаламыз дамып, көркейіп халқымыздың мақтанышына айналды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы әлемге танылған қалалардың қатарынан ойып тұрып орын алды. Сонымен қатар шаһар халқының да саны арта бастады. Мысалы 2017 жылдың басында қаламызда халық саны 972 693 болса, осы жылдың 1 қарашадағы мәлімет бойынша 1 026 181 адам. Осы аралықта халық өсімі 53 489 адамды құраған. Ал, Астана қаласындағы үш ауданның ішінде ең халқы көп аудан Алматы ауданы – 431 377 адамды құрап отыр.
Сәйкесінше Астана қаласы тұрғындарының туу көрсеткіші 2013-2016 жылдар аралығында қарқынды өсім динамикасын көрсетіп, бірақ 2017 жылдың қазан айындағы мәліметке сай туу көрсеткіші 23 668 сәбиді құрап, 2014 жылғы көрсеткішпен теңескен.
2017 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Астана қаласы тұрғындарының туу көрсеткіші республиканың басқа облыстарымен салыстырғанда 4-орында. Ал, 2017 жылдың қаңтар-қазандағы Қазақстан Республикасы халқының табиғи өсімі өткен жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 7,4%-ға төмендеген.