АСТАНА, 19 қыркүйек — Sputnik. Елімізде 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионнан асады, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
2050 жылға қарай болжам бойынша Қазақстанда халық саны 24,5 млн адамды құрайды. Бүгінгі демография қарқыны сақталып қалар болса, оңтүстік аймақтардағы тұрғындар саны 5,2 млн адамға көбейіп, орналасу тығыздығы солтүстік облыстарға қарағанда 4 есеге дерлік асып кетуі ықтимал.
Еліміздің оңтүстік өңірлерінде (Алматы қаласын қоспағанда) халықтың 38%-ы өмір сүріп, олардың өңірлік жалпы өнімге (ӨЖӨ) қосар үлесі небары 17%-ды құрауда. Солтүстік өңірлерде болса, халықтың 29%-на өңірлік жалпы өнімнің 25%-ы тиесілі.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Үкімет отырысында министр Тамара Дүйсенова көші-қон саясатының жаңа тұжырымдама жобасын таныстырды.
Тұжырымдама жобасында Елбасының Ұлт жоспары-100 нақты қадамда айтылғандай инвестицияға қолайлы жағдай жасау үшін көші-қон саясатын бұдан әрі дамыту стратегиясы қарастырылып отыр. Ұзақ мерзімді немесе аралас көші-қон үлгісіне Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы елдерінің тажірбиесі арқау болмақ. Егер жүйелі жұмыс жүрсе, білікті мамандарды экономикалық инновациялық секторларына тартып, кәсіпкерлікті өркендете аламыз. Сондай-ақ, тұжырымдамада ұлт қауіпсіздігіне ерекше ден қойылып отыр.