АСТАНА, 17 мамыр – Sputnik. Астана әкімі Әсет Исекешев Global Challenges Summit 2018 форумында "жаһандық қала" тұжырымы туралы баяндап, ел халқы арасында елордаға қатысты айтылатын аңызды жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Астана мемлекет бюджетінің есебінен өмір сүріп жатыр деген аңызды жоққа шығарғым келеді. 20 жыл ішінде бюджет Астанаға шынымен қыруар қаржы құйды, егер инвестицияның жалпы көлемін есептесек – 2,3 триллион теңге. Алайда Астана салық түрінде 6 триллион теңге қайтарды, яғни оған салынған ақшадан екі жарым есе көп", —деді қала әкімі "Басты жобалар тұсаукесері" пленарлық отырысында.
Исекешев елорданы дамыту, "жаһандық қала" тұжырымы туралы баяндап, 5-10 жылдан кейін Астана өмір сапасы жағынан шынымен үздік қалаға айналатынын атап өтті. Осы орайда қала басшысы Сингапур мен Дубай шаһарларын мысалға келтірді.
"Сингапур мен Дубай – инфрақұрылым деңгейі жоғары елдер. Әуежайлар, мейрамханалар, ауруханалар, қонақ үйлер, қауіпсіздік – барлығы бар. Ең маңыздысы да – инвесторлардың жоғары деңгейде қорғалуы. Астанада британиялық судьялар жұмыс істейді, бұл инвесторлар үшін сенімнің өте жоғары деңгейі. Астана халықаралық қаржы орталығының құрылуы посткеңестік кеңістік үшін революция деп айтуға болады. Адамдарға жағдай жасау, мүмкіндік ұсыну – маңызды факторлардың бірі, біз бұл бағытта үнемі жұмыс істеп жатырмыз. Медициналық мекемелер, университеттер ашылып жатыр. Қалаға келген адам өзін үйінде жүргендей сезінеді, жұмыс істеуге, кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік бар", — деді қала әкімі.