АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов "Қазақстан Инжиниринг" ҰК" АҚ және "Самұрық-Қазына Инвест" ЖШС жаңа басшыларын тағайындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазақстан Инжиниринг" ҰК" АҚ басқарма төрағасы лауазымына Әсет Құрманғалиев тағайындалды.
"Құрманғалиев 2017 жылдың қыркүйек айынан ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі қызметін атқарды және «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ директорлары кеңесінің мүшесі болды. 1998-2017 жылдар аралығында ол ҚР Қорғаныс министрлігінде, Астана қаласы әкімдігінде, «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратында және ҚР парламенті мәжілісі «Нұр Отан» партиясы фракциясының аппаратында әртүрлі басшылық қызметтерді атқарды", — деп жазылған хабарламада.
Ал "Самұрық-Қазына Инвест" ЖШС бас директоры қызметіне Нұржан Әбдімомынов тағайындалып отыр.
Әбдімомынов 2010-2018 жылдар аралығында ҚР СІМ шетелдік өкілдіктерінде еңбек еткен. Ол ҚР-ның Португалиядағы уақытша сенімді өкілі, ҚР-ның Гонконгтағы және Макаодағы бас консулы болды. 2006-2009 жылдар аралығында "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Әбдімомынов Данди университетінің түлегі, қазақ, орыс, ағылшын, қытай және португал тілдерін меңгерген.