Өңірлер

Көлік ыстық суға түсіп кеткен: темір тұлпар иесі энергетиктермен соттасып жатыр

© Sputnik / Максим МасловФемида
Фемида - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ер адамның айтуынша, "Петропавловские тепловые сети" ЖШС материалдық шығынды өтеуден бас тартқандықтан, оларды сотқа беруге мәжбүр болыпты

АСТАНА, 11 мамыр — Sputnik. Петропавлда жылу трассасы жарылуы салдарынан жолда шұңқыр пайда болып, көлік ыстық суға түсіп кеткен, енді темір тұлпардың иесі энергетиктермен соттасып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жол жөндеу - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Алматыда жарылған жылу құбыры жоспарланғаннан кеш жөнделді

Төтенше оқиға былтыр 4 қазанда болған. Мира және Крепостной көшелерінің қиылысында жылу трассасы жарылып, жолда ірі шұңқыр пайда болған. Салдарынан екі көлік шұңқырдағы ыстық суға түсіп кеткен. Көліктердің бірі шұңқырдан өзі шықты, ал екіншісін арнайы техникамен алдырыпты.

Кейінірек брифингте "Петропавловские тепловые сети" ЖШС директоры Игорь Рыбас көлік иесіне келтірілген шығын өтеледі деп мәлімдеген болатын.

"Көліктің шұңқырға қалай түскенін анықтау керек. Сараптама белгілеген шығынды өтейміз.  Жүргізуші зардап шеккен жоқ, артқы есіктен шығып кеткен. Көлікке тиген зардабын толығымен қайтарамыз", — деп Рыбас уәде берген болатын.

Алайда бұл мәселе осы күнге дейін шешімін таппай отыр. Көлік иесі әлеуметтік желіде энергетиктермен соттасып жатқанын хабарлады.

"Бұл мәселе жеті айдан бері әлі шешілген жоқ. 2017 жылы 4 қазанда Петропавл қаласы Мира және Крепостной көшелерінің қиылысында "Петропавловские тепловые сети" ЖШС кесірінен жол апаты болып, көлігіме зиян келді. ЖШС бас директоры шығынды толығымен өтейміз деген болатын. Бірақ шығын көлемі анықталған соң, өтемақы төлеуден бас тартты", — деп атап өтті жәбірленуші.

Ол сотқа арыз беруге мәжбүр болғанын айтты.

"2018 жылдың 20 наурызында материалдық шығынды өтеу туралы арызым қанағаттандырылды. Енді бәрі бітті ғой дегенімде, "Петропавловские тепловые сети" ЖШС облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Меніңше, бұлары шектен шыққандық. Көлікті 2014 жылы автосалоннан несиеге алған болатынмын, отбасымды осы көліктің арқасында асырап отырмын. Енді бұл мәселе қашанға созылатынын білмеймін. Айта кетейін, судың температурасы 72 градус ыстық болатын, өзім де ажал аузынан қалдым", — деп жазды көлік иесі әлеуметтік желіде.

Энергетиктер бұған қатысты пікір білдіруден бас тартты.

"Қазір сот талқылауы жүріп жатыр. Сол себепті сот ісі аяқталмайынша ешқандай пікір білдіре алмаймын", — дейді "СЕВКАЗЭНЕРГО" АҚ қоғаммен байланыс бөлімі басшысы Андрей Агеев.

Жаңалықтар
0