АСТАНА, 10 мамыр — Sputnik. Америкалық тілші қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуінен ерекше қасиетін байқапты, деп хабарлайды Sports.kz.
"Маған Елеусіновтің сол қолымен соққы жасардың алдында, қолғаптарын бір-біріне ақырын соғатыны ұнайды. 147 фунт шамасындағы салмақ дәрежесінде қарсыластарына әжептәуір проблема туғызатын жігіттің алғашқы жекпе-жегі батыл дебют болды", — деді тілші Том Крэйз BadLeftHook.com басылымына.
Қазақстандық боксшы, Риодағы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында өткен бокс кешінің аясында жекпе-жекке шыққан болатын. Кәсіпқой рингтегі алғашқы қарсыласы америкалық Ноа Кидд болды (3-0-1, 2 КО).
Жартылай орташа салмақ бойынша өткен алты раундтан тұратын кездесу үшінші раундта техникалық нокаутқа байланысты Елеусіновтің пайдасына шешілді.