АСТАНА, 30 сәуір — Sputnik. КХДР билігі уақытты Оңтүстік Кореямен сәйкестендіруге шешім қабылдады, деп хабарлады РИА Новости.
КХДР Жоғары халықтық жиналысының "Пхеньян уақытын түзету" туралы жарлығы корейаралық саммиттен кейін қабылданды. Осы құжатқа сәйкес, Солтүстік Кореядағы сағат тілі 5 мамырдан бастап 30 минутқа алға жылжиды.
Пхеньян жарты сағаттық айырманы 2015 жылдың тамызында Кореяның жапон үстемдігінен азат етілуіне жетпіс жыл толуын мерекелеу аясында енгізген болатын. Осылайша Жапониядан тәуелсіз мемлекет екенін білдірген екен.
Бірыңғай "Токио уақыты" 1910 жылы Жапония Кореяны аннексиялағаннан кейін енгізілген.
27 сәуір күні КХДР мен Оңтүстік Корея лидерлері Ким Чен Ын мен Мун Чжэ Ин екі ел арасындағы демаркациялық сызықта орналасқан Пханмунджом пунктінде кездесіп, қол алысты. Кейін қос ел басшылары суретке түсіп, корейаралық саммит басталған ғимаратқа кірді.