АСТАНА, 27 сәуір – Sputnik. 1 мамырда Қазақстан халқы бірлігі күніне орай өтетін велошеруге байланысты Достық, Қабанбай батыр, Қонаев және Түркістан көшелерінде жол қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спорттық іс-шара Астананың 20 жылдығын тойлау қарсаңында "Рухани жаңғыру" бағдарламасына бір жыл толу құрметіне арналады.
Бұған дейін 1 мамырда Астанада "Достық шеруі" атты велошеру өткізілетіні хабарланған болатын. Қатысушыларды тіркеу таңғы сағат 11-де өтіп, жарыс "Бәйтерек" монументінің алдында сағат 13:00 басталады деп жоспарланған. Веложарысқа қатысатындардың жолы елорданың басты символы – "Бәйтерек" монументінен басталып, сол жағалау бойынша өтеді.
Велошеруге әлемдік деңгейде елдің атын танытып жүрген велошабандоздар, атақты спортшылар, Қазақстан халқы ассамблеясы жастар қанатының өкілдері және Астана қаласының 12 жастан асқан тұрғындары мен қонақтары қатысады.
Велошеруге өзге қатысушылармен бірге "Astana Pro Team" кәсіби командасының танымал велошабандозы Дмитрий Груздев те қатысады. Спортшы Қазақстанның үш дүркін чемпионы және жеке жарыста Азияның екі дүркін жеңімпазы.
Жаппай велошеруді Астана қалалық Мәдениет және спорт басқармасы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығымен бірлесіп өткізуде. Велошеру қалалықтардың өмірін белсенді саламатты өмір салтына топтастырып, велосипедті күнделікті өмірде пайдалануға үндеу мақсатында ұйымдастырылмақ.