АСТАНА, 19 сәуір – Sputnik. Қазақстанда сотталғандар арасында жасалатын қылмыс 44 процентке артқан. Бұл туралы бүгін ҚР бас прокуратурасының ресми өкілі Оксана Лоскутова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ұлттық заңдылықты БҰҰ минималды үлгілеріне сәйкестендіру үшін бас прокуратура ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. 2017 жылы жасалған тексеру оң үрдіс болғанын көрсеткенімен, заңдылықты қаматамасыз ету мен азаматтардың құқығын қорғауда бірқатар проблема байқалды. Сотталғандар арасында жасалатын қылмыс 44 пайызға, қасақана заң бұзушылықтар 67 пайызға артқан. Құқық бұзушылықтардың негізінде өзара қақтығыстар, режимді әдейі бұзу және денеге зақым келтіру жатыр. Сотталғандар арасында жанжал туындауының себептерінің бірі – олардың тұрғылықты мекенжайынан алыс жерлерде жазасын өтеуі", — деді ол.
Бас прокуратураның дерегіне сүйенсек, бүгінде сотталған 12 мың адам туыстарынан алшақ жазасын өтеп жатыр.
"Салдарынан 2017 жылы 22 мыңнан астам кездесу өтпеген. Бас прокуратура ішкі істер министрлігіне сотталушыларды жаза мекемелеріне бөлу ережелеріне тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды", — деді Лоскутова.
Сондай-ақ, оның айтуынша, прокуратура мен ішкі істер органдарының бірлескен әрекетінің арқасында түрмелерде азаптауды болдырмау мен ескерту бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде.
"Әрбір шағым жіті тексеріледі. Айта кетсек, қатыгездік жасағаны, азаптағаны және күш қолданғаны үшін Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының 12 қызметкері сотталды. Бүгінгі алқа отырысында азаптаудың алдын алу мақсатында ІІМ-ге түзеу мекемелеріндегі режимді қамтамасыз ету және жетілдіру бойынша тапсырма бепрілді. Прокуратураның талабы бойынша әр колонияда мекеме әкімшілігінің әрекетіне қатысты өтініш қалдыруға арналған жәшіктер орнатылды. Ондағы өтініштерді тек қадағалаушы прокурор алады", — деді ол.