АСТАНА, 15 сәуір — Sputnik. Егер Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) IBF титулынан айырылса, белбеуге украиналық Сергей Деревянченко (12-0, 10 КО) мен америкалық Дэниэл Джейкобс (33-2, 29 КО) таласуы мүмкін, деп жазады Sports.kz.
Еске салып өтсек, Халықаралық бокс федерациясы мен Деревянченконың промоутері 5 мамырда Головкин IBF белбеуін міндетті қорғау керек деп отыр. Алайда GGG командасы украиналыққа қарсы жекпе-жекке асығуға болмайды деп санайды – рингке шығуға тым аз уақыт қалған.
Деревянченконың промоутері Лу ДиБелла IBF титулы төңірегіндегі жағдайға қатысты тағы да пікірін білдірді.
"Егер Геннадий Головкин титулынан айырылса, Деревянченко IBF рейтингіндегі келесі боксшымен жұдырықтасуға құқылы. Осылайша, біз Деревянченко мен Джейкобстің IBF белбеуі үшін айқасын тамашалай алар едік. Егер мұндай мүмкіндік болса, мен жігіттерді әлем чемпионы атағына таласу құқығынан айырмаймын. Екі боксшы да келісіп жатса, біз бұл жекпе-жекті ұйымдастырамыз", — деді Лу ДиБелла.
Қазір Головкиннің 5 мамырдағы жекпе-жегіне қарсылас ретінде тегі армян америкалық боксшы Ванес Мартиросянның есімі (36-3-1, 21 КО) аталып жүр.