Өңірлер

Биліктің бос уәдесінен шаршаған шымкенттіктер әкімдікке басып кірді

Жазылу
Атқамінерлердің "электр бағаналарын орнатып, автобус жүргізіп береміз" деп алдағанына 10 жылдың жүзі болыпты

АСТАНА, 13 сәуір – Sputnik. Шымкентте биліктің бос уәдесінен шаршаған халық әкімдікке басып кірді. Қаланың қақ ортасында тұрып, жарыққа жарымаған әлеуметтің бұдан басқа амалы қалмапты, деп хабарлады TVK арнасы. 

Айтуларынша, аудандық атқамінерлердің "электр бағаналарын орнатып, автобус жүргізіп береміз" деп алдағанына 10 жылдың жүзі болыпты. Жауаптылар осы жолы сөзінде тұрмаса, Астанаға арызданамыз, дейді.

Үлескерлер Әсет Исекешевпен кездесті - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Әкімдіктегі дүрлігу: үлескерлер Әсет Исекешевтен не талап етті?

"Нұртас" шағын ауданындағы бағаналар қатты жел болса, құлауға шақ тұр. Ал, электр сымдары туралы айтудың өзі артық. Сондықтан, мұндағылар балаларын көшеге көп шығара бермейді. Себебі, сапасы сын көтермейтін сымдар кез келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін. Немесе ойын баласы қол созым жердегі тоқты ұстап жазым болама деп қауіптенеді.

"Өткендегі қатты желден сымдар үзіліп, көршімнің машинасын зақымдады. Сол жерде балалар болса не болады? Сонда осы Нұртаста апатты жағдай болғанын күтіп отыр ма?", — дейді "Нұртас" шағын ауданының тұрғыны Құлжабек Өскенбаев.

Жарық деген аты болмаса, пайдасынан зиянын көп тартамыз дейді халық. Күндіз 150 киловаттан әзер асатын тоқ мөлшері түнде тіпті төмендеп кетеді. Салдарынан тұрмыс техникалары істен шығып қалады екен. Жарамсыз жатқан құрылғыларды осындағы кез келген үйден кезіктіруге болады.

Биліктің бейқамдығына ашынған ағайын қоғамдық көліктен көрген қорлығын да қиылып айтты. Бұл жаққа қатынайтын жалғыз 20 бағыттағы автобус екен. Оның өзі шағын ауданның шетіне дейін келетін көрінеді. Мектеп ұзақта болғандықтан балалар қыста батпаққа батып, жазда шаң жұтып жүр. Қаңғыбас иттерге таланып қалғандарда бар.

"Балаларымыз мектептен келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Былтыр менің қызым жоғалып кетті. Бүкіл шағын аудан іздедік көшемен көше. Мен үшін қандай стресс болды. Ал, қызым екі апта жылады", — дейді Айсұлу Жақыпбаева.

Ер адам дауыс зорайтқышпен сөйлеп тұр, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Әбден ашынған оралмандар Алматыда бейбіт шеру өткізуге рұқсат сұрады

Жағдайын айтып, жауапты мекемелерді жағалаған жұртты билік басындағылар құрғақ уәдемен шығарып салады екен. Соңғы рет қала басшылығы жарық мәселесін сәуір айында шешіп береміз депті. Шенеуніктерге тағы да алданып қалған азаматтар ақыры Қаратау ауданы әкімдігіне басып кірді. Бірақ ғимарат күзетшісі ашулы ағайынды табалдырықтан әрі асырмады.

"Сіздердің мәселелеріңізден хабарымыз бар. Қазір Астана даңғылында құрылыс жүріп жатыр. Қоғамдық көліктің мәселесі жуық арада шешіледі. Жарық бойынша да құрылыс басталды. Нақты мерзімін білмеймін қашан бітетінін", — деп түсіндірді Қаратау ауданы әкімдігі инфроқұрылым бөлімінің басшысы Данияр Сұлтанов.

Жергілікті биліктің берген жауабы осы. Әдеттегідей Нұртас шағын ауданының тұрғындары жарық пен қоғамдық көліктің қашан болатынын біле алмай тарқасты.


Жаңалықтар
0