АСТАНА, 7 сәуір — Sputnik. Астанада бұрын сотталған ер адамдар кәсіпорынның коммерциялық директорынан әйелімен бірге түскен интимді суреттері мен видеожазбаларды таратпау үшін ақша бопсалаған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қылмыстық іс материалдары бойынша, дизайнер болып жұмыс істеген сотталушы Т. коммерциялық директордың ноутбугын алған. Ол жұмыс барысында ноутбукке Google Photo бағдарламасын жүктепті. Біраз уақыттан кейін ол смартфон арқылы қосымшаға кіріп, директор мен оның әйелі түскен интимді сипаттағы суреттер мен видео тауып алады.
Мұнан кейін Т. өзінің сыбайласы К. екеуі коммерциялық директордың электронды поштасына хат жолдаған. Дизайнер алдымен 500 мың теңге талап еткен, одан кейін 700 мың теңге сұрапты. Егер ақша бермейтін болса, файлдарды әлеуметтік желіде және кәсіпорын жұмысшыларына таратып жіберетінін айтып бопсалаған.
Бұдан кейін К. жәбірленушіге қоңырау шалып, қаладағы сауда үйлерінің бірінің маңында кездесуді ұсынған. Ол жерде Т. жәбірленушіден 700 мың теңге алады, ал сыбайласы директорға интимді сипаттағы 330 файлды және Google Photo қосымшасы орнатылған смартфонды беріпті.
Астана тұрғынын бопсалағандар сотта өз кінәсін толық мойындады. К-ның айтуынша, Т. оған бұл қылмысқа қатысқаны үшін 20 мың теңге беруге сөз берген.
Жәбірленушінің сөзінше, ол қылмыскерлерге ақшаны бермес бұрын полицияға хабарлаған. Ол тәртіп сақшыларының бақылауымен ақша бопсалаушылармен кездесіпті. Полицейлер коммерциялық директорға ақшасын қайтарып берген.
Сот Т-ны ҚР ҚК 194-бабы (Бопсалау) бойынша кінәлі деп танып, 5,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ал екінші сотталушы К-ға дәл осы бап бойынша 4,5 жыл шартты мерзім беріп, сот залында қамаудан босатты.