АСТАНА, 6 сәуір — Sputnik. Америкалық боксшы Дэниэл Джейкобс қазақстандық Геннадий Головкинге қарсы реваншқа шыққысы келетінін айтты, деп жазды Prosports.kz сайты.
"Реванш туралы ой маған қосымша күш береді. Алғашқы жекпе-жекте GGG-ді "сабап" тастадым. Реванш менің жоспарымда бар екенін бәрі жақсы біледі. Мұны жасырудың еш мәні жоқ!", — деп келтіреді Джейкобстың сөзін Matchroom Boxing компаниясының Твиттердегі парақшасы.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы рематч 5 мамырға жоспарланған болатын. Алайда ақпан айында Канелоның қанынан допинг табылып, соның салдарынан мексикалық боксшы жекпе-жектен бас тартты.

