АСТАНА, 21 маусым — Sputnik. Мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварестың пікірінше, америкалық Дэниел Джейкобс негізінде Геннадий Головкинды жеңген болатын. Канело Головкинмен биыл қыркүйек айында шаршы алаңда кездеспек.
Головкин биыл 18 наурызда Джейкобсты төрешілердің шешімімен жеңген еді, ал америкалық боксшы қазақстандық әлем чемпионына қарсы жекпе-жекте 12-раундқа дейін шыдаған алғашқы былғары қолғап шебері болды. Бұл жекпе-жектің нәтижесі бойынша пікірлер әр алуан: сарапшылар мен боксшылардың біразы Джейкобсты жеңімпаз санайды.
"Меніңше, сол кездесуде Джейкобс жеңіске жетті — бір-екі ұпайға асып түсті. Бірақ төрешілердің шешімін, әлбетте, құрметтеу керек. Дэнни алғашқы раундарда шектен тыс сақтықпен қимылдағандай көрінді. Әйтпесе, жеңер еді", — деді Канело Нью-Йоректе баспасөз тур аясында iFL TV арнасына берген сұхбатында.
Сонымен бірге, мексикалық GGG-мен жекпе-жекке сақадай сай екенін айтты.
"Нокаутпен жеңетініме сенемін. Бірақ алдын ала білу қиын, әрине. Жекпе-жекке 100 пайыз дайын боламын", — деп мәлімдеді Канело.
Ал Головкин болса Сауль Альвареспен кездесудің жоғары деңгейлі екенін атап өтті.
"Бұл жекпе-жекте жан аямай айқасатын боламыз, жеңіске жету мүмкіндігіміз — 50 де 50. Бәлкім, бұл кездесуден соң реванш та өткізілуі мүмкін. Бокс сүйер қауым бұл жекпе-жекті асыға күтіп жүр", — деді Головкин.