АСТАНА, 5 сәуір — Sputnik. Макарон өнімдерінен адам салмақ қоспайды, тіпті бұл тағам аруға көмектесуі де мүмкін. Канадалық дәрігерлер осынай тоқтамға келіп отыр, деп жазады EurekaAlert.
Ғалымдар 30 зерттеуге метаанализ жүргізген. Зерттеуге ағзаға қажет көмірсуды негізінен макароннан алатын 2,5 мың адам қатысқан екен. Олар ұннан жасалатын бұл өнімді аптасына үш рет жейді. Орташа порция стандартты көлемдегі тостағанның жартысы шамасында. Үш айдан кейін экспериментке қатысушылар орташа алғанда 500 грамнан салмақ тастаған.
Дәрігерлердің айтуынша, зерттеу қорытындысы көрсетіп отырғандай, диета ұстап, макарон өнімдерін жеген адам салмақ қоспайды. Ғалымдар мұны макарон өнімінің төмен гликемиялық индексімен түсіндіреді.
"Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, адам тіпті салмақ тастай алады. Сондықтан бұрыннан айтылып жүрген пікірге қарамастан, макарон өнімдері диетаның бөлігі бола алады", — дейді зерттеу авторларының бірі Джон Сивенпипер.