АСТАНА, 2 сәуір — Sputnik. ҚР парламенті сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы Дариға Назарбаева Ratel.kz және Forbes Kazakhstan редакцияларындағы тінтуге қатысты жағдайдың анық-қанығына жетуге уәде берді.
"Өкінішке қарай, мен де бүгін болған оқиғаны әріптестерімнен білдім. Жағдайдың анық-қанығын білу керек. Қазір бірдеңе дей алмаймын, өйткені не үшін және қалай болғанын білмеймін. Мән-жайды анықтай салысымен сіздерге хабарын беремін. Бас прокуратурадан ақпарат сұратамыз. Мәселенің басын ашамыз ", — деді журналистерге Дариға Назарбаева.
Сенатор барынша шынайы ақпараттарды жинап, журналистерге жеткізуге уәде берді.
Полиция қызметкерлері бүгін түскен дейін Ratel.kz және Forbes Kazakhstan редакцияларында тінту жүргізгені белгілі болды.
Журналист Вадим Борейконың ақпаратынша, Ratel.kz редакциясында құжаттар мен компьютерлер тәркіленген. Сонымен қатар, порталдың бас редакторы Марат Асипов, орынбасары Сапа Мекебаев және шолушы Анна Калашникова ұсталғаны мәлім болды. Forbes Kazakhstan редакциясында бас редактордың орынбасары Александр Воротилов ұсталды. Полиция әзірге болған оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.