АСТАНА, 2 сәуір — Sputnik. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құқық қорғау органдарынан Ratel.kz порталы мен Forbes Kazakhstan журналының редакцияларында жүргізіліп жатқан тінтуге қатысты ақпарат сұратты.
"Иә, мен бұл туралы жаңалықтардан естідім. Қазір біздің министрлік құқық қорғау органдарынан қосымша ақпарат алуға тырысып жатыр. Қажетті ақпарат түскен кезде, біз сіздерге хабарлаймыз, тиісінше құқық қорғау органдарындағы әріптестерімізден сіздерге түсініктеме беруді өтінеміз", — деді министр Дәурен Абаев Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Айта кетсек, бүгін полиция қызметкерлері Ratel.kz порталы мен Forbes Kazakhstan журналының редакцияларында тінту жүргізіп жатқаны белгілі болды. Журналист Вадим Борейконың ақпаратынша, Ratel.kz редакциясында құжаттар мен компьютерлер тәркіленген. Сонымен қатар, порталдың бас редакторы Марат Асипов, орынбасары Сапа Мекебаев және шолушы Анна Калашникова ұсталғаны мәлім болды. Forbes Kazakhstan редакциясында бас редактордың орынбасары Александр Воротилов ұсталды. Полиция әзірге болған оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.