АСТАНА, 31 наурыз — Sputnik. Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" Мәскеу қаласындағы "Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары" көрмесіне қойылады, деп хабарлады ҚР мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Халықтық және сәндік-қолданбалы өнердің бүкілресейлік музейі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп ұйымдастырып жатқан көрме 3 сәуірде ашылады.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында құрылған "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық жобасының мақсаты Еуразияның Ұлы Дала белдеуінің бай мәдени мұрасымен шетелдік қоғамдастықты таныстыру болып табылады.
Көрменің негізгі экспонаты – "Алтын адам" — Есік (Алматы облысы) қорғанында табылған жауынгер жасағы. Археологтар "Алтын адамның" жерлеу камерасыннан барлығы 4800 әшекей тапқан. Бұл бұрын-соңды табылған қорғандар ішіндегі Мысыр перғауыны Тутанхамонның қабірінен кейінгі ең көп алтын әшекейлер табылған қорған саналады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың ортасына дейінгі уақытқа жататын күмістен жасалған әйелдер әшекейлері таныстырылады.
"Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық көрме жобасының маршрутына ТМД, Азия, Еуропа және Америка елдері кіреді.