АСТАНА, 29 наурыз — Sputnik. "Алматы-Қапшағай" теміржол бағытында жолаушылар легі азаюына байланысты аталған бағыттағы теміржол қозғалысын тоқтату туралы шешім қабылданды, деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ал "Алтын Орда" базары маңындағы авотомобиль жолдарын қайта жасау жұмыстарының басталуына және жолдың осы бөлігінде көлік кептелісінің көп белең алуына, сонымен қатар жолаушы легінің артуына орай "Алматы-Ұзынағаш" теміржол бағытындағы "электричка" күніне 2-ден 4 рейске дейін ұлғайтылмақ.
Еске салсақ, Алматы қаласының әкімдігі 2017 жылы "Алматы-Қапшағай" және "Алматы-Ұзынағаш" теміржол бағыттарын ашқан еді. Аталған бағыттарды субсидиялау нәтижесінде жол ақысы 80 теңге болды әрі бұл шара жолаушыларды көлікпен заңсыз тасымалдаумен айналысатындардың жолын кесті. Бұлардан өзге, бағыт вагондарына "Оңай" терминалдары орнатылған, бұл жолаушыларға кассаға бармай-ақ жолақысын төлеуге мүмкіндік береді.
Алайда, "Алматы-Қапшағай" автомобиль трассасының пайдалануға берілуіне орай "Алматы-Қапшағай" теміржол бағытында жолаушылар легі төмендеген. Сондықтан Алматы әкімдігі істің экономикалық маңызын ескере келіп, аталған бағыттағы теміржол қозғалысын тоқтату туралы шешім қабылдады.