АСТАНА, 12 желтоқсан — Sputnik. Алматы-2 вокзалынан халықаралық № 303/304 "Алматы-Астана-Қазан" пойызы салтанатты жағдайды сапарға аттанды.
Салтанатты шараға ҚТЖ ұлттық компаниясының, Алматы қаласы әкімдігі, "Қазақстанның татар және башқұрт конгресі" өкілдері мен теміржол саласының ардагерлері қатысты.
Бұрын бұл пойыз "Алматы-Екатеринбург" бағыты бойынша қатынаса, "Қазақстанның татар және башқұрт конгресі" республикалық қоғамдық бірлестігінің өтінішінен соң пойыз бағдары Қазан қаласына дейін ұзартылды.
Сондай-ақ, жиынға қатысушылардың алдында "Жолаушылар тасымалы" АҚ вице-президенті Едіге Мыханов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Марат Дәрібаев, сөз сөйлеп аталған оқиғаның маңызына ерекше тоқталды.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі барлық мемлекетаралық пойызға жасалатын жеңілдіктер осы пойызға да жарайтынын еске салып өтті. Яғни, 2018 жылдың аяғына дейін жолаушылар ертерек қам жасап, алдын ала билет сатып алса, онда 15 пайыздан 55 пайызға жейін жеңілдіктерге қол жеткізеді.