АСТАНА, 21 наурыз – Sputnik. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Назарбаев тәуелсіздік жылдарында біраз жетістікке қол жеткенмен, алда атқарылар шаруа әлі де көп екенін атап өтті.
"Тәуелсіздіктің 26 жылының ішінде біз көп шаруаны бітірдік. Оның барлығы ел бірлігінің арқасы. Қазірдің өзінде әлемде болып жатқан өзгерістерге байланысты бізде арнайы бағдарламалар бар. Технологиялық революция деп жатырмыз. Оған да арнайы бағдарлама бар. Рухани жаңғыру бағдарламасын осыған дейін атап өттім. Жақында мен халыққа "5 әлеуметтік бастама" туралы үндеу жарияладым. Бұл бастама әрбір қарапайым қазақстандыққа арналады. Біріншіден, бұл баспана мәселесін шешуге бағытталған. Екіншіден, жастардың жағдайын жақсарту. Яғни жатақханалар салу, мемлекеттік гранттарды көбейту, табысы аз азаматтарды салықтан босату, Қазақстандағы елді-мекендерді газбен қамтамасыз ету. Мұның барлығы қарапайым халыққа, олардың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналады. Осыған барлығыңыз атсалысуларыңыз керек", — деді президент.
"Осы жылдар ішінде Қазақстан дүниежүзіне танымал болды. Абыройымыз артып келеді. Осы бағытты болашақта да ұстауымыз керек. Себебі, елдің бірлігі болашақ табыстарымызға кепіл болады. Қазақта "Жаңа жыл жарылқасын, ескі жыл есіркесін. Ақ мол болсын, қай жерде жүрсең жолың болсын" деген сөз бар. Мәңгілік ел болуға қадам басқан жолымыз, құтты болсын. Бақытты болайық. Бала-шағамыз, ұрпақтарымыз аман болсын. Солардың бақыты үшін жұмыс істейік", — деп игі тілегін жеткізді Елбасы.