АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Астанада 21 наурызда басталатын ауқымды шаралар мен халықтық серуендер 22 наурызда жалғасын табады, деп хабарлайды қалалық мәдениет және спорт басқармасы.
Биыл Наурыз мейрамына орайластырылған басты шаралар "ЭКСПО" көрме кешенінің алаңында өтеді. Мұнда 21 наурызда сағат 13:00-де мерекелік бағдарлама басталады. Көрме аумағында қала тұрғындары мен қонақтары үшін этноауыл ашылады. Келушілерді қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлері құшақ жая қарсы алады: Алдар Көсе, Қожанасыр, Тазша бала және басқалары. Елордалық театрлардың әртістері көрермендерді ұлттық салт-дәстүрлермен және әдет-ғұрыптармен таныстырады. Зергерлер, киіз басу мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қолдан жасалған бұйымдарын көпшілік наарына ұсынады.
Этноауыл қонақтарының арасында қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, армрестлинг және гір көтеруден сайыстар өткізіледі. Бұдан басқа, ниет білдірген жандар "Қой көтеру" сынды ұлттық ойында күш сынасады, алтыбақан тебеді.
Киіз үй қалашығының аумағында сыйымдылығы 1000 литрлік тайқазан орнатылады, оның жанында театрландырылған қойылым көрсетіледі. Сонымен қатар, жиналған қауымның назарына жетекші отандық жұлдыздардың қатысуымен мерекелік концерт ұсынылады. Этноауыл қонақтары тазы мен төбеттер көрмесін тамашалай алады.
Арнайы ұйымдастырылған фудкорт аймағында шығыс асханасының ыстық тағамы сатылады.
"ЭКСПО" көрмесінің аумағындағы мерекелік бағдарлама 22 наурызда жалғасын табады.
Бұған қоса, халықтық серуендер "Қазақ елі" монументінің алдындағы алаңда, қалалық алаң мен "Студенттер" саябағында ұйымдастырылады.