АСТАНА, 18 наурыз — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Абай ауылында жоғары сынып оқушылары зорлады деген 7 жасар бала анасымен бірге Астанадан Алматыға ұшады. Анасы мен ұлы "Аналар үйі" орталықтарының біріне орналастырылмақ.
"Барлық әрекет бас прокуратура өкілдерінің қатаң қадағалауында болады. Тергеу мүддесіне байланысты істің анық-қанығын жария ете алмаймын. Аталған жағдайды құқықтық алаңда шешу қажет, жан-жақтан өте көп ақпарат тарап жатыр, барлығынан тынышталып, жағдайды ушықтырмауды сұраймын", — деген Рахымбаева баланың әжесі мен тәтесі де Алматыға жол жүретінін нақтылады.
Рахымбаева дағдарыс орталығының қауіпсіздік қызметінің жұмысы күшейтілгенін атап өтті.
ОҚО-ның Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында болған оқиға жұрттың жағасын ұстатты. 7 жасар баланың әжесі өткен жылдың тамызынан бері немересін жоғары сынып оқушылары зорлап келгенін мәлімдеген еді. Егде әйел полицияға шағымданғанмен, ондағылар істі тоқтатып тастаған.