АСТАНА, 17 наурыз — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысының депутаттары Абай ауылында зорланған болуы мүмкін баланың ісіне қатысты пікір айтты.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы 40-шы округінен сайланған халық қалаулысы Жаңабай Ағабековтың пайымдауынша, жанжал мектеп директоры мен оқу ісі меңгерушісінің арасындағы кикілжіңнен басталған.
"Мен оқиға орнына барып, сайлаушылар – ауыл тұрғындарымен кездестім. Олар балалардың мұндай жасауы мүмкін екеніне сенбейді. Жанжал мектеп директоры мен оқу ісі меңгерушісінің арасындағы кикілжіңнен басталыпты. Арты осындай жағдайға ұласып отыр. Мен зорлады деп айыпталған екі баланың ата-анасымен сөйлестім, олар мұны жоққа шығарып, тіпті ол уақытта балалардың кезікпегенін айтты. Баланы үнемі әпкесі алып кетеді екен. Жергілікті АІІБ-не барып едім, жеті жасар баланың туыстары берген арыздардың бәрі тіркеліпті. Урологтың қорытындысы да баланың зорланғанын теріске шығарады. Енді сараптама қорытындысын күтеміз", — деп мәлімет берді Ағабеков Otyrar.kz басылымына.
Облыстық мәслихаттың мемлекеттік-құқықтық мәселелер және жергілікті өзін-өзі басқару бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Өмірзақ Мелдеханов та оқиғаға қатысты пікірімен бөлісті.
"Оқиға Сарыағаш ауданы Абай ауылында соңғы күндері қызу талқыланып жатыр. Айғай шу… Былай айтайын, бұл екі әулеттің арасындағы дау. Олар өз мүдделерін саясатқа араластырып шешпек. Өзара соғысып жатыр. Баланың тағдырын ойлап жатқан ешкім жоқ. Оны Зағипа Балиева алып кетті. Ол – балалар омбудсмені. Біз бала тұрып жатқан округтен сайланған депутат Жаңабай Ағабековпен сөйлестік, ол да екі әулет арасындағы дау екенін айтып отыр. Мен тұрақты комиссияның төрағасы ретінде айтарым, ахуалды бақылап отырмыз. Тексеру нәтижесін күтеміз", — дейді облыстық мәслихат депутаты Өмірзақ Мелдеханов.
Депутаттың айтуынша, "бәрі анықталған кезде, халық алдында мәлімдеме жасалады".