АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің ұжымы бір күндік жалақысын Шығыс Қазақстан облысының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына көмек ретінде аударды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Біз Шығыс Қазақстан облысындағы әріптестерімізге хабарласып, тасқыннан зардап шеккен халыққа не қажет екенін сұрадық. Негізінен, бұл құрылыс материалдары, азық-түлік пен киім-кешек. Жарты миллион теңге аударамыз деп келістік. Бұл ақшаға олар өздеріне қажет затын сатып алады. Барлық мемлекеттік қызметкерді бейтарап қалмай, бізге қосылуға шақырамыз", — деді департамент басшысы Әділбек Мұқашев.
Еске салып өтсек, "Жас Отан" жастар қанатының қыз-жігіттері Павлодарда су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек қабылдау пунктін ашты. Пункт тәулік бойы жұмыс істейді.
Көмек жинауға тек ірі кәсіпорындар ғана емес, қарапайым тұрғындар да атсалысуда. Облыстық мәслихат депутаттары миллион теңге жинап берді.