АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының Зырян қаласында киіміне ақша жабыстырып алған жігіт көшеге шығып, жұртты таңғалдырды. Сөйтсек ол қайырымдылық жасаудың ерекше әдісін ойлап тауыпты, деп жазды altaynews.kz.
"Мен бұл идеяның іске асуын бір апта күттім. Өйткені тұрғындардың қалай қабылдайтыны өте қызық болды",-дейді ол.
Алайда киіміне ақша жапсырып, кім алса, сол алсын деп тұрған жігітке ешкім жолай қоймады. Керісінше оған қызықтап қарап тұрғандар көп болды.
"Бұл біздіңше тамаша идея. Бұл жігіт те мықты екен, ұялмай ел алдына осылай шығып, көмек ұсынып тұрған",-дейді қала студенті Серік Әділханов.
Дегенмен аздан соң бәрі өзгерді, ең алдымен жас жігіттің киіміндегі ақшаларды балалар жұлып ала бастады. Шырқайың ауылынан келген екі жасар Арман Ринатұлы екі жүз теңгеліктің біреуін алды. Ата-анасы ол ақшаға тәтті алып береміз десті.
Сөйтіп зыряндықтар акцияға ақырындап араласа бастады. Шараның басты талабы – алынған ақшаны неге жарататыныңды айту. Зейнеткерлер дәрі-дәрмек аламыз деп, студенттер түскі асқа деп ала бастады. Ал Жастар орталығның қызметкерлері алған ақшаларын Аягөз ауданына жөнелтетінін айтты.
Тұрғындар таңғаларлық қадамдар да жасаған. Өтіп бара жатқан бір жігіт ақша алғанның орнына, жапсырып ал деп 200 теңге ұстатып кеткен.