АСТАНА, 12 наурыз – Sputnik. Көкшетауда 11-сынып оқушысы, бастапқы дерек бойынша, өз-өзіне қол салған, жасөспірімнің денесі гараждан табылды, деп хабарлайды құқық қорғау органдары Sputnik Қазақстан агенттігіне.
10 наурызда гараждан ата-анасы ұлының денесін тапқан. Ешқандай хат жазып қалдырмаған. Бастапқы өлім себебі — суицид.
Жасөспірім оқыған мектеп оқушының өлімін растады. Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр, бірге оқыған сыныптастарынан жауап алынып, телефоны да тексерілетін болады.
"17 жастағы өте зерек оқушы болатын, ауқатты отбасыдан шыққан. Шығармашылық, интеллектуалдық, спорттық сайыстарға қатысатын. Ешкіммен жанжалдасып көрмепті, бұл хабарды естіп есеңгіреп қалдық, әлі сене алмай отырмыз", — деді мектеп әкімшілігі Sputnik Қазақстанға.