АСТАНА, 7 наурыз — Sputnik. Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық әйелдер қауымын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев ел өмірінде әйелдердің ерекше рөл атқаратынына тоқталып, Қазақстандағы өскелең жас ұрпақтың санасына адамгершілік құндылықтарды сіңірудің қажеттілігін айтты.
Мемлекет басшысы қабылданған бес әлеуметтік бастама, ең алдымен, әйелдер қауымына арналғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әйелдерінің бойында еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті нығайтуға септігін тигізетін мейірімділік пен жасампаздық энергиясының сарқылмайтын көзі бар екенін атап өтті.
– Бүгінде жас ұрпақтың тәрбиесі мен олардың білім алуына байланысты бүкіл салмақ сіздерге түсіп отыр. Бала қамқорлығына қатысты негізгі міндетті өздеріңізге алып, олардың дүниетанымын қалыптастырасыздар, өзіне деген сенімін жетілдіресіздер. Сіздер өз сенімдеріңізбен, үміттеріңізбен және махаббаттарыңызбен еліміздің жарқын болашағының берік негізін қалап келесіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бүгінде елімізде 250 мыңға жуық ананың "Алтын алқамен" және "Күміс алқамен" марапатталғанына назар аударып, мемлекетіміздің қарқынды дамуына қазақстандық әйелдердің зор үлес қосқанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі барлық ер-азаматтардың атынан әйелдер қауымын тағы да мерекелерімен құттықтап, оларға бақыт, махаббат пен бақ-береке тіледі.
Соңында Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, көп балалы ана А.Түзелбаеваны "Алтын алқамен" және Астана тұрғыны Р.Аяғанованы "Күміс алқамен" марапаттады.