Қоғам

Сенатор: Құрманғазының 200 жылдығын тек батыста атап өту жершілдікті қоздырады

© Sputnik / Еркен СалиховҚұрманғазы
Құрманғазы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәдениет және спорт министрлігі атақты күйшінің 200 жылдығын кеңінен атап өтуді тек батыс өңірлерінің әкімдеріне тапсырған

АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов атақты күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын тек батыс өңірлерде ғана емес, республиканың барлық аймағында, тіпті шет елдерде кеңінен аталып өтуі керектігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ахмет Байтұрсыновтың мүзей үйінің экспонаты - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Қазақстан "Алаш" қозғалысының 100 жылдығын атап өтпек

Бүгін сенат отырысында депутат Сәрсенбай Еңсегенов Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын атап өтуге қатысты үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысы ұлы күйшінің 200 жылдығын тек батыс өңірлерде атап өту еш қисынға келмейді дейді. 

"Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Кемелдену мұраға мұқият қараудан басталады" деген еңбегінде "бізде адамзат меншігіне айналған рухани қазыналар бар, сондай әлемдік туындының қатарына Құрманғазы бабамыздың күйлері жатады" деп жазған блатын. Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына биыл 200 жыл толады. ҚР мәдениет және спорт министрлігі бұл айрықша датаны 2018 жылы өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбегіне енгізген. Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына байланысты іс-шаралар өткізу тапсырылған. Ұлттық мұрамызды әлемге таныстырған ұлы күйші, композиторға арналған іс-шараның ұлан-байтақ еліміздің бір ғана аймағы – батыс өңірімен шектелуі еш қисынға келмейді. Күй ұлтымыздың үні мен сөзі болған.  Ал Құрманғазы ұлт мәдениетінің асыл қазынасына өлшеусіз үлес қосқан, әлемдік деңгейге шығарған ұлы өнер иесі. Халқымыз үшін күй мен Құрманғазының есімі бір-бірімен астасып кеткен ұғым", — дейді сенатор. 

Еңсегенов Құрманғазы бір облыстың немесе бір ғана аймақтың перзенті емес екенін, ұлтымызға, елімізге ортақ адамзат мәдениетінің тарихында өшпес із қалдырған тұлға екенін атап өтті. Сондықтан Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын атап өту  күйшіні ғана ұлықтау емес, ең алдымен,  халқымыздың төл өнері – күйді ел іші мен шет мемлекеттерде кеңінен насихаттау мақсатын көздеуі керектігін айты. 

"Елбасы жоғарыда аталған мақаласында "халқымыздың тарихи, өміршең музыкалық мұралары туралы айтқанда даңқты бабамыз Құрманғазыға соқпай өте алмаймыз. Құрманғазының күйлерін өз елімізде ғана емес, шет елдерде де насихаттамай, әлемдік өркениеттің көшіне ілесу қиын" деген еді. Сондықтан Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын мемлекеттің мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шара мәртебесінде өткізу қажет. Бұған республиканың барлық аймағында мәдениет пен ішкі саясат, ақпарат саласы және басқа да органдар жұмылдырылуы керек", — деді сенатор.

Қыз бен жігіт - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Жаңа мобилдік қосымша: Киіз үй, асық пен Құрманғазы күйі

Оның айтуынша, дәулескер күйшіні республиканың бір аймағында ғана еске алу қоғамда кеңінен талқыланып, сынға алынып жүрген жершілдікті қолмен қоздырғандай әсер қалдыратыны сөзсіз. 

"Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, осы айтылғандарға байланысты Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығын республиканың барлық аймағында атап өтудің кешенді іс-шаралар жоспарын дайындап өткізуді; шет елдерде, соның ішінде ТМД елдерінде кеңінен насихаттау  жұмыстарын жүргізуді; Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің гастрольдік сапарларын ұйымдастыру, оның ішінде күйші денесі жерленген Ресейдің Астрахан облысында арнайы концерттер өткізу; Қазақстан Республикасы мүше халықаралық ұйымдар мен парламентаралық байланыс алаңдарын пайдалану арқылы қазақ күй өнері мен күйші өмірін таныстыру; халықаралық, республикалық деңгейде байқаулар өткізу; күйшінің өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастыру; республикалық бюджетті нақтылау кезінде қажетті қаржы көзін қарастыруды ұсынамын", — деп түйіндеді сөзін ол.

Жаңалықтар
0