АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Қазақстанның орталық аймағынан ауысқан циклон солтүстік-шығысқа қарай тез жылжиды. Ал 1 наурызда республикадан тысқары аумаққа ығысады. Бірақ осы циклонға қатысты атмосфералық фронттардың салдарынан солтүстік және шығыс аймақтарда қар жауып, боран соғады, деп хабарлайды Қазгидромет.
Болжам бойынша, еліміздің оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) түседі, кей жерлерде қатты жауын-шашын және тұман болады.
Қазақстанның барлық аймағында күннің суытуына алып келетін суық антициклон Ресейдің еуропалық бөлігінің солтүстік-батыс аймақтарынан әрі қарай тарай бастады. Көктемнің келуіне байланысты синоптикалық процестер өте жылдам өзгеріп, антициклон мен салқын күндер өткінші болады.