АСТАНА, 27 ақпан — Sputnik. Қазақстанда алдағы күндері ауа температурасы климаттық нормадан 3-8 градусқа жоғары болады, кейін күн күрт суытады. Бұл туралы Қазгидрометтің 27 ақпан мен 3 наурыз аралығындағы ауа райына жасаған гидрометеорологиялық болжамында айтылған.
"1 наурыздан бастап солтүстік облыстарға арктикалық ауа ығысады, 2 наурызда республиканың қалған аумағын қамтиды. Түнде ауа температурасы тағы —20-30 градусқа дейін төмендейді, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста – 10-20°С, қиыр оңтүстікте 3-10 градусқа дейін төмен түседі", — дейді синоптиктер.
Сонымен қатар, еліміздің басым аумағында қар жауып, бұрқасындатады, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады, оңтүстік аймақтарда тұман түсіп, көктайғақ болады. Күннің суытуы қысқа мерзімге ғана созылады, 3 наурыздан бастап солтүстік ағындар батысқа ауысып, ауа температурасы қайта көтеріледі.
"Қазгидромет" РМК сайтында нақтыланғандай, ертең Шығыс Қазақстан облысында күндіз температура +5 градусқа дейін жоғарылайды. Сонымен қоса жаңбыр мен қар жауады.
1-2 наурызда облыста сынап бағанасы —20-25 градусқа, күндіз —15-20 градусқа дейін төмен түседі. Кей жерлерде қар жауып, бұрқасындатады, тұман түсіп, көктайғақ болады, 15-20 м/c жылдамдықпен жел соғады. 28 ақпан – 1 наурыз аралығында желдің екпіні 23-28 м/c дейін жетеді.
28 ақпан күні Қарағанды облысында да күн аз уақытқа жылынып, температура +3 градусқа дейін көтеріледі. Ауа райы жауын-шашынды болады, қар ериді, жазық аумақтарда еріген қар суы жиналуы мүмкін. 1-2 наурызда ауа температурасы түнде —17-25, күндіз – 13-28 градус болады.